2009年12月4日星期五

ЖАСТАР ПОЭЗИЯСЫ

Қазақ әдебиетінде оқырманнан өз бағасын алып үлгерген, мүйізі қарағайдай ақсақал, аға ақын – жазушыларды былай қойғанда, әдебиетке енді келгісі бар, немесе келіпте үлгерген талапкерлер жетерлік. Бұл сөзімізге «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш», «Жұлдыз», «Жалын» басылымдарында сиректе болса көзге түсіп қалатын, балауса қол таңбалар куә. Олай болса, бүгінгі қазақ әдебиетіне келуге ынталы жастардан не жаңалық, қандай қарым күтуге болады деген сауалдың өз – өзінен туындайтында жөні бар.
«Мәртебелі поэзияның кешегі жағлауын ертеңге, яағни, бүгінгі жағалауға қосқан көпір міндетін атқарды. Шын мәнінде алтын көпір бола білді. Мен, алтынкөпірліктер поэзиясын Маралтай Райымбекұлы, Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Нұржан Қуантайұлы, Батырболат Айтболатұлы, Әлібек Шегебай, Бақыт Беделханұлы, Дәурен Берікқажыұлы, Бақытжан Алдияр, Алмас Темірбай, Танакөз Толқынқызы, Айнұр Әбдірасылқызы арқылы танып білгім келді» – дейді Темірхан Медетбек. («Жұлдыз» журналы № 1-2 . 2008ж.) Ендеше, ұрпақ пен ұрпақ арасын жалғап жатқан, көзге көріне бермейтін жібек жіпті үзіп алмау үшін күресу – ұлтқа сын. Іздену батылдық көрсетіп, жаңа барлаулар жасау – өсудің кепілі. Бірақ, барлау өз тамырыңды өз қолыңмен қиюға, өз жапырағыңды өзің желге ұшыруға жұмыс істемеуі керек. Ұлы Мұхтар Әуезовтің «жыл келгендей жаңалық сезінеміз» – деп толқып, тебіреніп айтқан бағдарлық өсиетіндегі, тұтастай талантты бір буынның жолын ашқан, «Әдебиетке сұлу мінез әкелуші, үлкен мәдениетті, қасиетті әкелуші, нұрлы, жақсы, жарқыраған өрісі бар жастар...» керек деген тұғыры биік, тумысы бөлек әулиелік сөздері бүгін де сөз жоқ өзекті.
Сонғы жылдарда жазылған өлеңдерде, әсіресе жастардың шығармаларында Тәңірге табыну, Аллаға сыйыну, Құранды көбірек тануға, білуге деген ұмтылыс басым. Өмірдің бүгінгі қым – қуыт қиындықтарынан шығар жол іздеп, жанұшырған жүрек пен ойдың Құдайға жалбарыну, ғарыш әлемімен тілдесу тісілі кең етек алып келеді. Бұл – осыған дейін тану мен таразылаудың басты өлшем құралы болып келген комунистер ілімінен қол үзген дәуірдің мінезі. Сосын, бір әттеген –айы писсимистік бағытағы өлім, ажал тақырыптары да жиі кездеседі. Қазір, ұлттық бояудан жұрдай, «посмодарнизм» деп аталатын өмірдің жалаң иллюзиясын жасауға тырысатын, өмір құбылыстарын әлеуметтік тұрғыдан талдаудан атымен ада, тек сырт нобайы ғана шындыққа келетін натуралистік бағыттағы әсіре реализим ағымы кең етек жая бастады. Әдебиет пен өнерді саясаттандыру ағымы ара – тұра атымен тұрпайы нигилистік, анархистік идеяларды тудыруда.
Сонымен бүгінгі әдебиет төңірегінде жүрген жастар қандай? Оларды не ойландырады, не толғандырады? Уақыт сарыны, заман екпіні шығармашылықтарында, қалай көрініс тауып жатыр? – іспетті сауалдарға жауап іздестіріп көрелік.
90 жылдардың бел ортасында өлеңге келгендердің ішінен Маралтай Райымбекұлы есімі ерекше айтылып жүр.
Маңдайымды сүйеп құлпы тасына,
Ата – анам мен бауырымның кеп басына.
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын,
Қазылмаған қабірімнің қасында, – дейді күңіреніп.

Қазақ жырының есігін қоңыраулы жырымен, қоңыр үнімен ашып, бірде өрекпіп өртенген Нұржан Қуантайұлы өлеңдері, өз алдына бөлек әсерге бөлейді.

Ақ қар, көк мұз, ақ боран,
Көңіл қайда хал неде?!
Күн туғанда ақтарам,
Алла! – де, – деп ақжарма көңілден ақтарыла келген ақын, бірте – бірте шұрайлы тілмен шырай енген жырлар туғызады.

Ақын ретінде қалыптасқан жастардың бірі – Қазыбек Құттымұратұлы. Олай дейтініміз, Қазыбектің қай өлеңіл алсаң да, айтар ойы айқын, ұйқастары да құйылып түскен, бас – аяғы жұп – жұмыр болып келеді.

Монахтай масаң топтың ғұрпын сынар,
Сәтіңді күткен едім бір тыншығар.
Жоқ, әлі. Ақ бұлт көрсең сәлем айтшы –
Адасқан бәлкім менің бұлтым шығар,
Немесе

Тым әлсіз сәуле күмәнсіз,
Мұнарсыз қылды маңайды?.
«Аңсарым тек сіз шығарсыз» –
Деймін де көкке қараймын. Қазыбек өлеңдері баяу ғана, даланың жанға жайлы самалындай есіп отырады. Ішкі ұйқасқа құрылады. Жеп – жеңіл оқылады.

Безіндім! Мүлдем безіндім–
Аптабынан мұндай сезімнің!
Мас еркектер малтып өлердей–
Қарашығына қара көзімнің–сияқты өткір сезіммен елең еткізген Ақсұңқар Ақынбабақызы.

Қасиетті Қазғұрт баурайынан өлең құсын ұшырған Бақытжан Алдиярда сюжетті жырлар көптеп кездеседі.
Ұқсамаса ұқсамасын жорғаға,
Екеумізді шақыратын жол ғана.
Есениннің жатқа оқитын өлеңін,
Есегіне теріс мінген сол бала.
Немесе,

Қоян жылы болмаған деп қолайлы,
Қарап қойып Қосмола мен Қаржанға,
Насыр атам насыбайын орайды,
Нострадамус айтып кеткен болжамға, –деген шумақтардан байқауға болатындай, Бақытжан баяу қоңырлатып баяндап отырып–ақ, қоңыраулатқан ботасын жыр көшіне қосады.

«Төбемізде жұлдыз күліп,
Аппақ әсем ай қарап,
Самал жел де тұрды үздігіп,
Жапырақты аймалап...», – деп мөлдірететін Нәзира Бердалының психологиялық параллелизмге құрылатын махаббат лирикасын,

Тулаған сайын анарың,
Бұла түн болып қарадым,
Улаған сайын жанарың,
Ұлы ақын болып барамын! –
сияқты Дәурен Берікқажыұлының асқақ та білікті жырларын,

Мәңгіліктер...
Мәнгі өлмейтін жаныма жаңғырып кел!
Шомылдырып сүтіне әппақ таңның,
Білегіңді анамдай талдырып көр, – деп өзінің жылы ағыстарымен өз тылсымына тартатын Бақыт Беделханұлының сыршыл поэзиясын сүйсінбей қуанбай, өртенбей, сілкінбей, серпілмей оқу мүмкін емес.

Танакөз Толқынқызы Еуропа ақындарын аудармадан емес, Француз тілінде шыққан кітаптардан түсінген. Сондықтан да болар оның әр өлеңіндегі ой мен идея, сезім мен ақыл бір– бірімен астасып жатады. Өлең құрылымында да жинақылық, тиянақтылық та бар.
Мәселен,
Жарық түннен үйрендім шаттануды,
Қара жерден үйрендім тапталуды.
Бұлақтардан үйрендім, жуып – шайып,
Мөлдірмін деп, пәкпін деп ақталуды...
Немесе
Қауызын ашқан гүлге де,
Сәулесін шашқан күнге де,
Жұлдызы жанған түнге де–
Атыңды ойып жазамын. Сөйтіп, Танакөздің жырлары қашанда төгіліп түседі.
Ақеділ Тойшанұлының өлеңдерінде қас – қағым сәттің әдемі көрінісін, әсерлі бейнелей қоятын шалттық басым.
Жанарыңның жалт еткен ұшқынынан жасырын,
Оқтын – оқтын кеудеме от енетін секілді.
Кірпігіңнің ұзыны – ай, қоя салсам ақырын,
Сіріңкемнің бір талын көтеретін секілді. Бұл – «Найза кірпік» деп аталатын бір шумақ өлең.
Көктем келді, гүл өмірге таңырқаймыз сүйініп,
Биыл әлем ерте оянды көктен несіп бұйырып.
Қарт құмырсқа өрмелеп ед тылсым дұға күбірлеп,
Жаңа шыққан жас балауса көтерді әрең иіліп. Бұл – «Көктем» атты тағыда бір шумақ жыр. Бейне бір ақын түйсігін түртіп өткен аяулы сәтті қаз – қалпында ұстап қалған кинокадрлардай.
Әлібек Шегебайдың өлеңдерінен көл көсір сағынышқа кез боласыз.
Тағдырым қанша дем берді,
Әлі де талай шыдармын.
Сағыну үшін сендерді,
Алыстап кеткен шығармын.
Немесе,
Күндерім сырғып әттеңмен,
Көңілді мұңмен көктеппін.
Өзіңді көрген сәттен мен,
Өмірге ғашық боп кеттім.
Алмас Темірбай – өлең өлкесінде, өзіндік үнімен танылған талантты ақын.
... Мен құдайға жақындап ем бір адым,
Құдай маған құшақ жая жүгірді...
Немесе,
Тас керең қоғам түсінсін қайдан сырымды,
Тас бауыр тірлік. Тас жүрек тағдыр. Тас – бәрі... деп күрсінеді.
Алмастың тағы бір ерекшелігі – сөзді ойната білуінде. Мысалы:
«Тәуелсіздікке түкірдім» осы бір тармағынан оның қоғамға өкпелі ақын екенін аңғарасың. Жоқ. Олай емес екен, өлеңнің жалғасын оқып көрелік.
Тәуелсіздікке түкірдім,
Түфә – түфә көз тимесе екен!.
Сезімі сергек, қиялы ұшқыр, жас талантты ақындардың бірі – Серік Сейітман.
«Шешеңнің...» өлеңінде:
Басымды ұрған маңдайшаға тым қатты,
«Шешеңнің...» деп менде еріксіз тіл қаттым.
«Ах, сволочь» деп есепші қазақ қыз,
Күй табаққа шетел әнін шырқатты.

Тұтқыны боп намыс атты ноқтаның,
Жүрегімнің өртенгені – ай от – жалын.
Жетесінде ұлттық болмыс жоқ қыздың,
Шешесіне әнін қосып боқтадым:
– «Өй, шешеңнің...!». Бұған қарап, дөрекі, ожар ақын деп санауға болмас. Өзі айтқандай: «ана тілін менсінбейтін міскінді, ана тілде боқтайтын ұл ибалы». Серіктің қай өлеңін алсаңызда азаматтық сарынның лебі есіп тұрады. «Бәтіңке» өлеңінде:
Аяқ киім бөленбес сая – нұрға,
Ей, бауырым сен оны аядың ба?!
Ешкімге ешкім бәтіңке болмасыншы,
Мен тозайын қазақтың аяғында!
Немесе, «Тал бесікте» :
Сендей абзал болғаныммен шарам не,
Адамдарға кешіп жүрген жылап күн. Мен де сендей тербеткім келеді, бірақ, «шарам не» деп қысқа жіптің күрмеуге келмейтінін айтып қынжылады.
«Қазақ әдебиеті» № 1. 13. 02. 2009ж. Санында жарық көрген жас ақындар өлеңін бір шолып өтсек.
Динара Мәлікова жырларында жан дүниесінің нәзіктіктен бұрын бұлқынған жүрек әмірі, «жалғандықтың жағын қарыстыруға» деген талпынысын құп көрдік. Өлеңнің болмыстан бітімі бөлек дүние екенін бағыт – бағдар еткені көрініп тұр.
Қиялыма сия алмаған екенмін,
Көрпем қапты ашылып, – деп назданады.
Төлеген Меллаттағы бұғаусыз бунақтар шұбалаңқылықты жасырып жапқысы келеді. Дегенмен, «қысқа шығарма қаламақының өгей баласы» деген кезең келмеске кеткен. Өлең қысқалығы – оқырман қалауы.
«Сатылған сәби үні»:
Қан саудалап, қақысына нан кеміріп жатсыңдар,
Мені неге саттыңдар?!
Немесе,
«Қазақтың бақытты қызы»:
Арманымды арытпашы,
Өтінем, темекі тартпашы. Бұл ақынға, публицистиканың тақырыбын өлеңге өзек етуге болмайтынын айтқымыз келеді. Көсемсөздің жүгін көркем поэзияға арту шынайы мөлдірлікті жоғалтып, өлеңнің нәзік тінін үзеді.

Қорытынды
Әдебиетші болуға ынталы жастың өзінің оң жамбасына келетін жанрды, дұрыс таңдаған – таңдамағанын қалай біле алар екенбіз, қиыны осы.
Әйгілі із кесуші Шерлок Холмстың «әдеби әкесі» Артур Конан Дойль алғашқыда драмалық шығармалар жазумен әуестеніпті. Олары кіл бір шимай – шатпақ, шикі дүниелер болса керек. Ешбір редакция жариялауға ықылас таныта қоймаған. Әдебиеттен көңілі қала бастаған бір тұста, редакцияға жолдаған кезекті бір драмалық туындыларының арасына ерігіп отырып жазған шытырман оқиғалы әңгімесін салып жібергені жазушының бағын ашады. Талапкердің почтасын құлықсыз ақтарыстырып отырған редактор, кездейсоқ осы әңгімені оқиды. Оқиды да бас шайқайды. Енді бірде редакцияға бас сұққан Артурға, сен драматургияны қойып, осы детектив жанрына көш деген кеңес береді. Қолайыңа келетіні осы дейді. Кім біледі, осы бір сәттілік болмағанда К. Дойль өмірден әдебиетте жолы болмаған көп драматургтің бірі болып өтіп кетер ме еді. Олай болса, әдебиетімізге келіп жатқан жастарымызға өз жолын адаспай тауып алар сәттілік тілеп қойғанымыз да жөн – ау. Әрине, мұндайда аға буын тарапынан байқалуға тиіс қамқорлық, ақыл – пікір, жанашырлықта қажет.

1 条评论:

  1. Betway Casino - Mapyro
    Betway Casino in 양산 출장샵 Livingston, Texas has a variety of slots, live tables and table games. The 정읍 출장샵 casino is located in Livingston, Texas and the 강원도 출장안마 following is a map 오산 출장샵 showing 충청남도 출장마사지

    回复删除